ҚР ДСМ аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері таңбалаудың барлық кезеңдері бойынша білімін жетілдірді

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
69
0 пікірлер

«Қазақтелеком» АҚ Корпоративтік университетінің аумағында ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің барлық аумақтық бөлімшелері үшін офлайн уоркшоп өтті.

Кездесу қызметкерлерге таңбалаудың әр кезеңін көрсетуді, оқытуды, сонымен қатар тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін жақсарту үшін кері байланыс орнатуды мақсат тұтты. 

Кездесуді ЦЭДО ЖШС басқарушы директоры Алмат Исмаилов ашты. Ол оффлайн сессияға дәріхана ұйымдарымен жұмыс істейтін бизнес өкілдері мен компаниялар, соның ішінде кассалық аппараттар мен есеп жүйелерін жеткізушілер де қатысқанын атап өтті. Исмаилов жүйені ғана емес, сонымен қатар кері байланыс орнату үшін бірыңғай байланыс орталығының жұмысын да талқылау жоспарланып отырғанын айтты. Бұдан бөлек дәріханалармен өзара іс-қимыл үдерісінде тексеруші мемлекеттік органдардың рөлін тілге тиек етті.

«Дәріханалар үнемі тексеруші мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасайды және бір-бірімен жиі ақпарат алмасады. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігі комитеттерінің қызметкерлеріне дәріханалармен тиімді жұмыс істеу үшін таңбалаудың барлық кезеңдерін үйрету өте маңызды», – деп қорытты Исмаилов.

Қатысушыларға фармацевтикалық компанияларды тіркеудің тәртібі Ismet.kz порталында және edo.markirovka.kz сайтындағы «Таңбаланған өнімді электронды құжаттандыру орталығы» ақпараттық жүйесінде көрсетілді. ЦЭДО мамандары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі комитетінің қызметкерлеріне жүйедегі барлық құжаттаманы кім және қалай әзірлейтінін үйретті.

«Бизнес Рост» компаниясының өкілі Виталий Пинчик олардың ұйымы әу бастан, қолданысқа енгеннен бері қазақстандық таңбалау жүйесінің қатысушысы екенін айтты.

«Тауарды таңбалау жүйесі тұрақты жұмыс істейді, яғни түрлі кассалық аппараттар арқылы шығарылады, сіз жай ғана арнайы кодты сканерлейсіз. Дәріханаларда кейде көпіршікті қаптамаларды таңбалаудан мәселе туындайды, бірақ есеп жүйесі деңгейінде бұл да шешіледі. Жалпы алғанда таңбалау жүйесі дұрыс жұмыс істеп тұр», – деді спикер.

Ұлытау облысы фармацевтикалық инспекторат және фармацевтикалық бақылау бөлімінің басшысы Абылай Азаматұлы оқыту қызық өткенін және қатысушылар маңызды сұрақтарға жауап алғанын айтты. Ол өз облысындағы дәріханалардың барлығы дерлік  тауарларды таңбалау жүйесінде тіркелгенін атап өтті.

«Ұлытау облысында байланыс желісіндегі ақауға байланысты бір дәріхана ғана тіркеле алмай отыр. Алайда уақыт өте келе оның да жүйеге кіретініне сенімдіміз. Сонда қамту бойынша 100% нәтижеге қол жеткіземіз», – деп қорытты А. Азаматұлы.

Уоркшоп барысында Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі аумақтық бөлімшелерінің қызметкерлері өнімді таңбалау және қадағалау жүйесінің барлық кезеңдері бойынша оқытылды. Оларға құрал-жабдықтармен құжаттамалар және дәріханалармен өзара әрекеттесу практикалық жұмыс түрінде көрсетілді.

Кездесу жүйені жақсартуға және туындаған мәселелерді шешуге қатысты ұсыныстарды талқылаумен аяқталды. Мұндай іс-шаралар тұрақты өткізіліп тұрады.


Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін