2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда барлық дәрілік заттарға міндетті таңбалау енгізілді. Енді әр дәрі-дәрмектің зауыттан бастап дәріханаға дейінгі жолы жүйеде тіркеліп отыр. Бұл жүйе фармацевтика саласындағы компанияларға нақты пайда әкеліп жатыр.
«Tanba» Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының жүйесі нарықтағы өнімдердің заңдылығын толық бақылауға мүмкіндік береді – таңбаланбаған дәрілердің сатылуына жол берілмейді. Осылайша, көлеңкелі айналым мен сапасыз өнімдердің нарыққа шығу қаупі жойылады.
Еліміздегі ең ірі дистрибьюторлардың бірі – «ATAMIRAS.S» компаниясы директорының орынбасары Халима Айтлеуова таңбалау енгізілгеннен кейінгі алғашқы нәтижелерімен бөлісті.
Таңбалау тауар санын дәл есепке алуға мүмкіндік берді. Мысалы, жүз қаптаманың ішінде біреуі жетіспей қалса да, жүйе оны бірден тіркейді. Бұл тәуекелдерді төмендетіп, дәріханалар мен медицина ұйымдарынан түсетін шағымдардың санын едәуір азайтады.
Цифрлық таңбалау фармацевтикалық нарықты өзгертуде. Көлеңкелі айналым мен сапасыз дәрілер азайып жатыр. Сала өкілдерінің пікірінше, бұл тұтынушылардың сенімін арттырып, нарықты ашық етеді.
«Tanba» Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының мәліметі бойынша, бүгінде елімізде 320 миллионнан астам дәрі қаптамасы таңбаланған.
Қазіргі таңда дәрі-дәрмектен бөлек, темекі өнімдері мен аяқ киімге де таңбалау міндетті. Зергерлік бұйымдар, тоқыма өнімдері, мотор майлары мен сыраға қатысты пилоттық жобалар аяқталды. Жуырда биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау жобасы басталды. Ал тұрмыстық химия мен медицина бұйымдары бойынша жобалар іске қосылуға дайын.