Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте дәрі-дәрмектерді міндетті таңбалауды енгізудің елдегі фармацевтикалық нарыққа әсері туралы айтып берді.
Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті таңбалау 2024 жылғы 1 шілдеден бастап енгізілді. Бүгінгі таңда бұл үдеріске шамамен 36 отандық өндіруші мен дистрибьютор қатысуда. Жалпы 360 миллионға жуық қаптама таңбаланған. Ел бойынша таңбалау және қадағалау жүйесінде 8 мыңға жуық дәріхана мен 1900 медициналық ұйым жұмыс істейді.
Денсаулық сақтау министрлігінің бағалауынша, қазіргі уақытта айналымдағы дәрілік заттардың шамамен 60%-ы таңбаланған. Қалған 40% – бұл 2024 жылғы 1 шілдеге дейін өндірілген дәрілер, олар кезең-кезеңімен айналымнан алынады.
Вице-министрдің айтуынша, таңбаланбаған дәрілердің айналымына бақылауды ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитеті жүзеге асырады. Азаматтар күмәнді дәрілік затты анықтаған жағдайда, Naqty Onim мобильді қосымшасын пайдалана алады. Ол үшін қаптаманы сканерлеу арқылы тауардың түпнұсқалығын тексеруге болады. Егер 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген препаратта таңбалау болмаса немесе заңбұзушылықтар анықталса, мемлекеттік орган әрекет жасайды.