Қазақстанда 2024 жылғы 1 шілдеден кейін өндірілген барлық дәрілік заттар міндетті таңбалауға жатады. Жаңа бақылау тетігі препараттың зауыттан бастап дәріханада сатылуына дейінгі толық жолын қамтиды. Жүйенің қалай жұмыс істейтінін түсіндіреміз.
Таңбалау арқылы қандай ақпарат біле аласыз?
2024 жылғы 1 шілдеден кейін шығарылған барлық дәрі-дәрмектердің қаптамалары Data Matrix кодымен таңбалануы тиіс. Кез келген сатып алушы Naqty Onim қосымшасы арқылы кодты сканерлеп, дәрілің заттың түпнұсқалығы мен заңдылығына бірнеше секунд ішінде көз жеткізе алады. Таңбалау жүйесінде дәрі-дәрмек туралы толық ақпарат сақталады: атауы, қаптамадағы саны, мөлшері, өндірушісі және қозғалыс тарихы.
Цифрлық таңбалау дәрі-дәрмек айналымының ашықтығын қамтамасыз етіп, осылайша жалған өнімдермен күресуге ықпал етіп, азаматтардың денсаулығына төнетін қауіптерді азайтады.
Дәрі-дәрмектерді кім таңбалайды?
Өндірушілер, импорттаушылар, дистрибьюторлар, дәріханалар және медициналық ұйымдар – дәрі-дәрмек айналымына қатысушылардың барлығы “Tanba” бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының (бұдан әрі – Бірыңғай оператор) жүйесіне тіркелуі қажет. Тіркелгеннен кейін қатысушыларға жеке кабинет ашылады, онда таңбалау кодтарымен жұмыс істеп, дәрілердің барлық кезеңдердегі қозғалыстары тіркеледі.
Сонымен қатар, "Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктерге және азаматтығы жоқ адамдарға ЖСН қалыптастыру және түзету" бұйрыққа сәйкес, шетелдік өндірушілер де отандық компаниялармен қатар таңбалау жүйесінде жұмыс істей алады. Одан бөлек, шетелдік компаниялар үшін бірегей кодтарды қазақстандық импорттаушылар да рәсімдей алады.
Таңбалау және қадағалау жүйесі қалай жұмыс істейді?
Дәрі-дәрмектерді айналымға енгізу алдында өндіруші Бірыңғай операторынан Data Matrix кодтарын алып, оларды өнім қаптамаларына енгізеді. Осылайша дәрі-дәрмек туралы ақпарат Тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесіне түседі.
Айналымның келесі кезеңінде импорттаушылар мен дистрибьюторлар жұмыс істейді, олар дайын таңбаланған дәрілік заттарды қабылдап алады. Егер код оқылмаса немесе жүйеде тіркелмесе, бұл дәрі-дәрмек сатылымға жіберілмейді.
Дәрі-дәрмек таңбалау тізбегінің соңғы буыны – дәріханалар мен медициналық ұйымдар. Дәл осы жерде дәрі-дәрмек түпкілікті тұтынушыға – сатып алушыға немесе науқасқа жеткізіледі. Әрбір кезең Бірыңғай оператордың жүйесінде тіркеледі.
Бүгінгі күнде дәріханалар мен медициналық ұйымдар қолданатын ақпараттық жүйелер тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесімен толық интеграцияланған. Дәрілік зат сатылғаннан немесе пациентке берілгеннен кейін деректер Бірыңғай оператор жүйесіне түсіп, дәрі-дәрмек айналымнан шығарылады.