Алматыда дәрілік заттарды таңбалау мен қадағалауды енгізуге дайындық бойынша жұмыс кездесулері өтті

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
85
0 пікірлер

Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, Фармацевтикалық және медициналық бақылау комитетінің төрағасы Нұрлан Ысқақов, сондай-ақ, Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың басшылығының қатысуымен дәрілік заттарды таңбалауды және қадағалауды енгізуге дайындық деңгейімен танысу мақсатында Алматыда фармацевтикалық нарық өкілдерімен жұмыс кездесулері өтті.
 

Ең алдымен кездесу Қазақстандағы ірі дистрибьюторлардың бірі «Med Service Plus» компаниясының қоймаларында орын алды. Кәсіпорын басшылығы таңбалауды енгізуге арналған қоймалардың дайындық деңгейін көрсетті, онда таңбаланған дәрі-дәрмектер қабылданып жөнелтіледі. Кәсіпорын қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, оны қолдануға дайындалуда. «Med Service Plus» компаниясының өкілдері министрлікке бірқатар ұсыныстарын білдірді.


Сондай-ақ, ALG кеден қоймасының өкілдерімен кездесу өтіп, онда таңбаланған дәрілік заттарды қабылдауға, жапсыруға және жөнелтуге арналған қоймалардың дайындығы көрсетілді. Естеріңізге сала кетейік, таңбалау процесінде кедендік қоймалардың рөлі импорттаушыдан тауарды қабылдау, дәріге таңбалау кодын жабыстыру және оны тізбек бойынша дистрибьюторларға беру болып табылады. Компания 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап кеден қоймасында жабыстыру әдісімен таңбалау кодтарын қолдану қызметтерін көрсетуге толық дайын екенін білдірді.

Жұмыс тобы отандық өндіруші Viva Pharm компаниясымен де кездесу өткізді. Компания жүйеде жұмыс істеуге дайын екенін көрсетті, сонымен қатар 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енетін дәрі-дәрмектің қадағалану мүмкіндігін жақсартуға кейбір тілектерін білдірді. Отандық компания басшылығы жұмыс тобын таңбалау кодтары қолданылатын өндірістік және таңбалау желісімен таныстырды. Сондай-ақ, компания дәрі-дәрмек дистрибьюторларға жөнелтілетін өндірістік базадағы қоймаларын көрсетті.

Жұмыс сапары аясында, сондай-ақ, дәріхана желілерінің бірінде жүйе сынақтан өтті, онда жұмыс тобының мүшелері дәріхана қызметкерлерімен бірге таңбалау кодтарын сканерлеу арқылы дәріні қабылдау және тауари айналымынан шығару процесін жүргізді.

Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігінің алаңында Алматы қаласының денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп жұмыс тобы мен дәріхана, дистрибьюторлар мен медициналық ұйымдардың өкілдері арасында диалог форматында кездесу өтті. Дәріханалар мен медициналық ұйымдардың таңбалау жүйесіндегі функционалдық мүмкіндіктеріне қатысты әр мәселе бойынша жан-жақты сұрақ-жауап, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бірыңғай оператор бейнематериалды көрсетіп, дәріханалар мен медициналық ұйымдар таңбалау жүйесінде жұмысы ақысыз екені еске салынды, өйткені бұл топтар бірден таңбаланып қойылған тауарларды алады.
 


№4 перзентханада медицина қызметкерлерімен кездесу өткізіліп, жұмыс тобына 1С есеп жүйесімен және медициналық ақпараттық жүйемен таңбалау модулінің біріктірілген функционалдығы көрсетілді. Перзентхана басшылығы таңбаланған дәрі-дәрмекпен жұмыс істеуге толық дайын екенін білдірді.

Жұмыс кездесулері 30 сәуірде Алматы облысында жалғасады.

Жалпы, дәрі-дәрмек айналымына қатысушылармен өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша негізгі мәселелер қазіргі уақытта аяқталу сатысында тұрған есеп жүйелерімен интеграцияға қатысты болды.

Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап Қазақстанда дәрі-дәрмектің 100% таңбалануы және қадағалануы енгізіледі. Бұл жүйе дәрі-дәрмек нарығын контрафактіден және заңсыз айналымнан қорғайды.

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін