2025 жылғы 11 ақпанда Қазақстан фармацевтикалық форумы барысында фармацевтика саласының жетекші сарапшылары дәрілік заттарды таңбалау мен бақылаудың өзекті мәселелерін талқылады. Tañba Тауарларды таңбалау жөніндегі Бірыңғай оператордың бас директоры Бикеш Құрманғалиева соңғы жарты жылда таңбалау жүйесін жетілдіруге бағытталған маңызды интеграциялық жұмыстар жүргізілгенін атап өтті.
Еске салайық, Қазақстанда дәрілік заттарды міндетті түрде таңбалау 2024 жылдың 1 шілдесінен бастап енгізілген болатын. Енді әрбір қазақстандық дәрі-дәрмектің түпнұсқалығын оңай тексере алады: Naqty Onim қосымшасының көмегімен қаптамадағы Data Matrix кодын сканерлеу жеткілікті. Бұл өндірушіден соңғы дәріханаға немесе медициналық ұйымға дейін дәрінің бүкіл жолын білуге мүмкіндік береді және оның сапасына кепілдік береді.
Бикеш Құрманғалиеваның Еуразиялық фармацевтикалық конференцияда сөйлеген сөзінде фармацевтикалық нарықтағы ашықтықты арттыру үшін Қазақстанда дәрілік заттарды таңбалау жүйесін одан әрі дамытудың және цифрлық шешімдерді интеграциялаудың маңыздылығы атап өтілді.
Анықтама үшін: 2020 жылдан бастап «Қазақтелеком» Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор болып тағайындалды. Бүгінгі таңда үш өнім тобына міндетті таңбалау енгізілді: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмек. Келесі өнім топтары бойынша таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды: мотор майлары, сыра қайнату өнімдері, зергерлік бұйымдар.