Қазақстанда дәрі-дәрмектер цифрлық «паспорт» ала бастады

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
333
0 пікірлер

    Қазақстанда дәрі-дәрмектерді цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жоба жүзеге асырылуда. Жобаға 4 қазақстандық өндіруші, 1 импорттаушы, 2 дистрибьютор, 5 дәріхана, 8 медициналық мекеме және СҚ «Фармация» қатысып жатыр. 2019 жылдың қыркүйегінен бастап пилоттық жоба аясында 100 мыңға жуық медициналық препараттар қаптамасы таңбаланған.

    Жүргізіліп жатқан пилоттық жоба фармацевтикалық компанияларға дәрі-дәрмектерді сәйкестендіру және қадағалау құралдарымен таңбалау процесін тексеруге, желілердің қуаттылығына байланысты тиімді таңбалау жабдықтарын анықтауға мүмкіндік береді. Бұл ретте ірі өндірушілер үшін шешімдер шығарылатын дәрі-дәрмек қаптамаларының нысанына сәйкес әрбір желінің сипаттамалары негізінде іріктеледі, ал шағын бизнес этикеттік таңбалау әдісімен Data Matrix кодтарын орнатуға арналған жабдықты пайдалана алады.

    «Міндетті цифрлық таңбалау барлық өмірлік циклде дәрілік заттар қозғалысының ашықтығын қамтамасыз етіп, препараттардың сапасын бақылауды арттырады. Оның ішінде таңбалауды енгізу дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің нақты жағдайын көрсететін болады. Сондай-ақ, таңбалаудың көмегімен импорттаушылар мен өндірушілер қоймаларда қандай дәрілердің жеткіліксіз екенін көре алады. Бұл дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігі қаупі бар жерлерді алдын-ала болжауға мүмкіндік бермек. Таңбалау бизнестегі бәсекелестік шарттарын жақсартуға да оң әсерін тигізеді. Өндіріс, сауда көлемі артып, көлеңкелі айналым деңгейі төмендейді», - деп атап өтті ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин.

    Жоба шеңберінде дәрі-дәрмектер туралы ақпарат Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне (ТТҚАЖ) енгізілді. Әрі қарай, жүйе әр қаптама үшін Data Matrix кодын жасайды. Кодта тауар өндіруші, импорттаушы, топтаманың сериялық нөмірі туралы цифрлық ақпарат және оның қозғалуын бақылау үшін қажетті өзге де мәліметтер бар. Data Matrix кодын криптоқорғаныс арқасында қолдан жасау мүмкін емес.

    Таңбаланған дәрі-дәрмектердің ішінде қатерлі ісік ауруын емдеуге арналған Трастузумаб бар. Олардың барлығы өндірушіден Нұр-Cұлтан қаласындағы Көпсалалы медициналық орталыққа дейін қадағалаудың барлық жолынан өтті. Сондай-ақ, Урсозим гепатопротекторы, Кетотифен аллергияға қарсы препараты таңбаланып, олардың цифрлық таңбаланған қаптамалары «Еврофарм» және «Гиппократ» дәріханалық желілеріне түсті. С гепатиті мен АИТВ инфекциясын емдеуге арналған Софосбувир мен Эмтрицитобин қымбат препараттардың кезекті таңбаланған қаптамалары Қарасай көпсалалы ауданаралық ауруханасына, ЖИТС - тың алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі Алматы облыстық орталығына және Қапшағай қалалық ауруханасына жеткізілді.

    «Қазақстанда көлеңкелі фармацевтикалық нарықтың үлесі 11%-ға жетеді, ақшалай алғанда бұл шамамен 57 млрд теңге. Дәрілердің заңсыз айналымы мемлекет пен бизнеске экономикалық залал келтіреді, ең бастысы – халықтың өмірі мен денсаулығына үлкен қауіп төндіреді. ДДСҰ мәліметтері бойынша, әлемде жыл сайын контрафактілік дәрі-дәрмектерден 1 миллионға дейін адам қайтыс болады. Қазақстандықтардың дәрі-дәрмек сапасына қатысты мыңдаған шағымдарына да тіркеледі. Бұл ретте цифрлық таңбалау нарықты контрафактіден қорғаудың тиімді шешімі бола алады», - деп атап өтті Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

    Тауарларды цифрлық таңбалау Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) аумағында іске асырылатын ұлтаралық жоба болып табылады. ҚР-да міндетті таңбалау 2020 жылғы 1 қазаннан бастап бірқатар темекі өнімдері үшін енгізілді. 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап аяқ киімді міндетті цифрлық таңбалау басталады. Қазіргі уақытта алкогольді, сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау бойынша «пилоттар» іске асырылуда.    

 

Баспасөз қызметі

Цифрлық экономиканы дамыту орталығы

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін