ҚР кеден қоймалары аяқ киімді цифрлық таңбалау процесін белсенді зерттеуде

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
309
0 пікірлер

2021 жылғы 1 шілдеден бастап жоспарланып отырған міндетті цифрлық таңбалауды енгізуге аяқ киім саласын дайындау аясында кеден қоймалары Қазақстанға импортталатын аяқ киім өніміне Data Matrix кодтарын енгізу процестерін белсенді түрде сынақтан өткізуде.

Естеріңізге сала кетейік, міндетті цифрлық таңбалау енгізілгеннен кейін аяқ киім импорттаушылары өнімге өндіруші елдердегі өндірісте немесе ҚР кеден қоймасында Data Matrix кодын енгізуі тиіс.

«ALG Company» ЖШС Бас директорының орынбасары Данияр Ибраевтің айтуынша, олардың кеден қоймасы аяқ киім саласы жұмысының жаңа ережелеріне дайын.

«Таңбалау қолданыстағы процестерге едәуір әсер етпейді. Тек қойма аясында жүзеге асырылуы қажет қосымша операциялар пайда болады. Бүгінде біз ынтымақтасып отырған импорттаушылардың өнімдерін бірінші кезеңде өңдеуге арналған аймақтар дайындаудамыз. Процесс нақты импорттаушылардың жеткізу көлеміне байланысты болады, өйткені олардың барлығы әртүрлі. Алайда, бұл жұмысты қиындатады деп ойламаймын. Цифрлық таңбалау нарықты «ағарту» үшін қажет екенін түсінеміз, біз барлығымыз ашықтық жағына қарай бағыт алуымыз керек», - дейді кеден қоймасы басшысының орынбасары.

Кеден қоймасының қызметтері импорттаушыға жалпы көлеміне байланысты бір жұп үшін 30-дан 300 теңгеге дейін болмақ. Сонымен қатар, бұл сомаға жөнелту, сақтау, буып-түю, стикеттеу, сканерлеу және есепке алудың барлық қосымша шығындары кіреді. Орташа алғанда, импорттаушылар үшін таңбалауға байланысты шығыстар бір жұп аяқ киім құнының 0,1% -2,5% - ын құрайды.

Кеден қоймасындағы таңбалау процестерін импорттаушылардың өздері де сынақтан өткізді. Олардың арасында 2006 жылдан бері әртүрлі тауар топтарын импорттаумен айналысатын «Алтын Promotion» ЖШС бар.

«Заңсыз сатушылар біздің жұмысымызға кедергі келтіруде. Біздің зерттеуіміз бойынша, олар қазір нарық көлемінің 80% - ға жуығын алып отыр. Бұл адал жұмыс істегісі келмейтіндер, сертификаттаумен айналыспай, кедендік рәсімдерден өтпей жұмыс істейтіндер. Біз салық төлейміз, олар төлемейді. Бұлай болуға тиіс емес. Ережелер барлығына да қатысты», - дейді кәсіпорын директоры Алтын Қандыбаева.

Импорттаушының пікірінше, Data Matrix кодтарын енгізу аяқ киімнің соңғы құнына әсер етпейді, өйткені бағаларға, бірінші кезекте, биылғы жылы орын алған жүк тасымалдаушылардың қызметтеріне бағалардың өсуі әсер етеді.

«Жалпы, біз сала өкілдерінің таңбалаудың негіздері мен мақсаттары туралы жалпы түсінігі қалыптасқанын байқаймыз. Әрине, сұрақтар қалады. Біз өз тарапымыздан цифрлық таңбалауды енгізу үдерісін сүйемелдеуді жалғастыруға және бизнестің барлық сұрақтарына жауап беруге дайынбыз. Импорттаушылармен, аяқ киім өндірушілермен, сатушылармен үнемі арнайы вебинарлар өткізіледі. Сондай-ақ, кедендік қоймалар мен кәсіпорындарда таңбалау процесін пысықтап жатырмыз», - дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

Естеріңізге сала кетейік, тауарларды цифрлық таңбалау Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) аумағында жүзеге асырылатын ұлтаралық жоба болып табылады. ҚР-да темекі өнімдерін міндетті таңбалау 2020 жылдың 1 қазанынан бастап енгізілді. Қазіргі уақытта дәрі-дәрмектерді, алкогольді, сүт өнімдерін және жеңіл өнеркәсіп тауарларын цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда.

 

 

Цифрлық экономиканы дамыту орталығының

баспасөз қызметі

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін