Бөлшек сауда үшін таңбалау жүйесіндегі жұмыс оңтайландырылады

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
307
0 пікірлер

Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы «Қазақтелеком» АҚ ұсақ бөлшек сауда жұмысын жеңілдету үшін таңбалау жүйесін бірқатар оңтайландыруға ниетті. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Темекілерді цифрлық таңбалау Қазақстанда 2020 жылғы 1 қазаннан бастап міндетті болып табылады. Қазақстан аумағында өндірілетін немесе ҚР-ға импортталатын барлық темекілер  Data Matrix кодымен таңбаланады. Онда өндіруші, импорттаушы, тауар партиясының сериялық нөмірі туралы цифрлық ақпарат және оның қозғалысын қадағалау үшін қажетті басқа да мәліметтер бар. Бұл кодты криптоқорғаныс арқасында жалған жасау мүмкін емес.

Таңбаланған тауар туралы ақпарат тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың ақпараттық жүйесіне (ТТҚАЖ) енгізіледі. Кейіннен өнімдер сату нүктелеріне түсіп, бөлшек сауда дүкендерінде 2D сканер немесе Naqty Sauda Kassa мобильді қосымшасы арқылы айналымнан шығарылады. Тауарды өндірістен соңғы тұтынушыға дейінгі барлық жолды таңбалау жүйесінен байқауға болады.

Темекіні бақылау жүйесі тиімді жұмыс істеуі үшін үй жанындағы дүкендер бөлшек сауда желілерімен және гипермаркеттермен қатар markirovka.kz таңбалау жүйесіне тіркелулері қажет, сату нүктесін 2D-сканермен жарақтау, кассалық бағдарламалық қамтылымды жаңарту және таңбалау жүйесіндегі қабылдау-беру актілері бойынша таңбаланған тауарды қабылдауды бастау, сондай-ақ оны кассадағы Data Matrix кодты сканерлеу арқылы шығару.

Алайда, жеңілдетілген салық жүйесінде жұмыс істейтін бөлшек сауда өкілдері таңбаланған тауарлармен жұмыс істеу олар үшін тым қиын деп шағымдануда.

«Таңбалаудың бірыңғай операторы бірнеше проблемалық мәселелерді анықтап, оларды таңбалау жүйесіндегі рәсімдерді жеңілдету арқылы шешуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, қабылдау-тапсыру актілерімен жұмысты оңайлату, 2D-сканермен сканерлеусіз таңбалау жүйесінде тауарды есептен шығару мүмкіндігі туралы мәселе қарастырылуда. Ұсақ бөлшек саудадағы таңбаланған тауармен жұмыстың проблемалық мәселелерін оңтайландыру үшін жұмыс тобы өңірлерге барып, шағын дүкендердің бизнес-процестерін зерделеуде, таңбаланған темекі өнімдерін бақылау сатып алулары жүргізіліп, ұсақ бөлшек саудадағы жұмыс бөлігінде таңбалау қағидаларына өзгерістер енгізу туралы ұсынымдар пысықталады, - деп атап өтті МКК-де. – Шағын бөлшек саудадағы көптеген проблемалар оқытуға байланысты болып тұр. Қазір шағын кәсіпкерлер үшін таңбаланған тауарлармен жұмыс істеудің әртүрлі аспектілері бойынша пайдалы нұсқаулықтар мен жадынамалар әзірленуде, бейнематериалдар дайындалуда, сондай-ақ тәулік бойы жұмыс істейтін цифрлық таңбалау жөніндегі байланыс орталығының болуы туралы ақпаратты белсенді тарататын болады. Жедел желі телефоны 8 800 080 6565».

Жалпы, бірыңғай оператордың жұмыс тобы 20 тамызға дейін таңбаланған тауарлармен жұмыстың проблемалық мәселелерін зерделеуді жалғастырады. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша рәсімдерді оңталандыру бойынша тиісті ұсыныстар мемлекеттік органдарға жіберілетін болады.

Айта кетсек, қазіргі уақытта әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте таңбалау ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылмаған, сондықтан кәсіпкерлерге таңбаланған тауарлармен тиісті жұмыс жасамағаны үшін айыппұл салынбайды.

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін