Салық түсімдерінің артуы мен көлеңкелі нарықпен күрес: таңбалау Қазақстан экономикасына қалай әсер етті?

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
6
0 пікірлер

2020 жылғы 1 қазаннан бастап Қазақстанда темекі өнімдерінің барлық түріне, 2021 жылғы 1 қарашадан бастап –  аяқ киімге, ал 2024 жылғы 1 шілдеден бастап –  дәрілік заттарға міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. Цифрлық таңбалау экономикасына және тұтынушылардың мүдделерін қорғауға тигізген әсері туралы «Tanba» Бірыңғай таңбалау операторы айтып берді.

Бүкіл кезең ішінде Қазақстанда шамамен 140 миллион жұп аяқ киім, 5,4 миллиардтан астам темекі өнімдері және 325 миллионнан астам дәрілік заттар таңбаланды. Жалпы, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде шамамен 55,5 мың қатысушы тіркелген: аяқ киім бойынша – 4,5 мың, темекі өнімдері бойынша – 46 мыңнан астам, дәрілік заттар бойынша – 5 мыңға жуық.

«Таңбалау — Қазақстанда ашық және әділ нарықты қалыптастыруға бағытталған құрал. Ол өнімнің өндірушіден бастап түпкі тұтынушыға дейінгі барлық айналым кезеңдерін қадағалауға мүмкіндік береді. Әрбір тауарға бірегей сәйкестендіргіш беріледі, бұл оның бүкіл логистикалық үдеріс бойындағы қозғалысын дәл әрі тиімді бақылауға көмектеседі», – дейді Бірыңғай таңбалау операторының жобалық офисінің басқарушы директоры Алмат Исмаилов.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, импортталған аяқ киім өнімдерінен қосылған құн салығы мен кедендік баждар есебінен 2021 жылы мемлекеттік бюджетке 7,8 млрд теңге түскен болса, 2024 жылы бұл көрсеткіш 24,8 млрд теңгеге жетті. Осылайша, өсім үш еседен асты. Сәйкес келетін динамика темекі өнімдеріне қатысты акциз түсімдерінде де байқалады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 191,5 млрд теңгені құраса, өткен жылы 289,9 млрд теңгеге жетіп, 151%-ға өскен.

Айта кетейік, бүгінгі таңда зергерлік бұйымдар, жеңіл өнеркәсіп тауарлары, мотор майлары және сыра өнімдерін таңбалау бойынша пилоттық жобалар аяқталды. Жақында биологиялық белсенді қоспаларды таңбалау пилоты іске қосылды, ал тұрмыстық химия мен медициналық бұйымдарға қатысты жобалар әзірлік кезеңінде.
 

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін