Беларусь Республикасының таңбалау операторы «Белбланкавыд» баспасы және Қазақстан тауарларын таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы жобаны іске асыру бойынша тәжірибе алмасып, одан әрі ынтымақтастықты дамытуды талқылады.
Айта кетейік, бүгінде Беларусьте ірімшіктер мен балмұздақтарды, сондай - ақ 1 қыркүйектен бастап жарамдылық мерзімі 40 күннен асатын сүт өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. 1 қарашадан бастап осы елде, сондай – ақ Қазақстанда да, аяқ киімді таңбалауды енгізу жоспарлануда, ал 1 желтоқсаннан бастап-жарамдылық мерзімі 40 күннен кем сүт өнімдері, шиналар мен қақпақшалар, 2022 жылы – жеңіл өнеркәсіп тауарлары таңбаланатын болады.
«Біздің кәсіпорын 90 жылға жуық жұмыс істейді. Жалпы, Беларусь елінде тауарларды таңбалау бұрыннан бар, бұған дейін 23 тауар тобы, оның ішінде телефондар, шырындар, консервілер және басқалары ескі үлгідегі сәйкестендіру белгілерімен таңбаланған, бірақ цифрлық базасы бар», - деді директордың орынбасары – ақпараттық технологиялар бөлімінің бастығы Алексей Смирнов.
«Елдеріміз арасындағы тауар айналымы жыл сайын өсіп келеді. Таңбалау контрафактілік өнімдердің жолын кесуге бағытталған, сондықтан заңсыз тауарлардың елден елге ағып кетпеуі маңызды. Біз ынтымақтастығымызды дамытуға және тәжірибе алмасуға дайынбыз», - деп атап өтті Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры Бикеш Құрманғалиева.
Сонымен, «Белбланкавыд» өкілдерімен кездесу барысында сүт өнімдерін таңбалау тәжірибесі, дәрі-дәрмектерді, аяқ киімдерді таңбалау бойынша жоспарлары, таңбалау кодтарын орнату механизмдері, нормативтік-құқықтық база мәселелері және басқа да мәселелер талқыланды. Нәтижесінде екі елдің операторлары тұрақты негізде тәжірибе алмасуға келісті.