Зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалау эксперименті Алматыда өтті

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
136
0 пікірлер

24 мамырда Алматыда зергерлік бұйымдар нарығының қатысушыларына арналған тауарларды таңбалау және қадағалаудың ақпараттық жүйесімен жұмыс істеу бойынша семинар өтті. Семинар барысында бағалы металдар мен тастардан жасалған зергерлік бұйымдарға DataMatrix кодын орналастыру және оны оқу бойынша эксперимент жүргізілді. Барлық нарық қатысушылары арасындағы таңбалау механизмі мен өзара әрекеттесуін сынау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Оның нәтижелері бойынша цифрлық таңбалауды енгізудің орындылығы туралы шешім қабылданатын болады.

Тауарларды қадағалау ақпараттық жүйесі тұтынушыға тауардың шығу тегі туралы сенімді ақпаратты, оның ішінде техникалық ерекшеліктерді және талдау кеңсесінің сараптамасы туралы ақпаратты алу, сондай-ақ, анықталған сәйкессіздіктер бойынша кері байланысты қамтамасыз ету арқылы зергерлік бұйымдар айналымын бақылауға тікелей қатысуға мүмкіндік береді. Мұндай бақылау темекі өнімдеріне қолжетімді. Міндетті таңбалауды енгізу туралы шешім қабылданған кезде, бұл бақылау зергерлік бұйымдарды сатып алушыларға да қолжетімді болады.

2022 жылдың 1 наурызынан бастап Қазақстандағы зергерлік бұйымдардың көлеңкелі айналымының өсуіне алаңдаушылық білдірген айналымға қатысушылардың бастамасымен асыл металдар мен тастардан жасалған зергерлік бұйымдарды таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жоба іске қосылды. Пилоттық жобаның мақсаты – өнім жапсырмаларына DataMatrix кодтарын қолдану үшін бағдарламалық және техникалық шешімдерді эксперименталды түрде сынау, сондай-ақ, эксперимент нәтижелері бойынша жобаға қатысушылардан ұсыныстар жинау. Пилоттық жоба Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен және Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператормен бірлесіп жүзеге асырылуда. Пилоттық жобаның күтілетін аяқталу күні – 2023 жылдың 31 қазаны.
 


«Бизнес өкілдері үшін пилоттық жобаға қатысу таңбалаудың ақпараттық жүйесінің функционалдығын тестілеуге, таңбалау үдерісін ағымдағы өндірістік процестерге біріктіруді пысықтауға, бизнеске жүктемені есептеуге және тізбектегі әлсіз жақтарды анықтауға мүмкіндік береді», - деді Алмат Исмаилов, Тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператордың жобалық кеңсесінің басқарушы директоры.

Еске сала кетейік, осыған дейін «Бағалы металдар және асыл тастар туралы» заң қабылданып, ол бойынша Қазақстан Республикасы азаматтарының құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында Қазақстан Республикасының аумағында сатылынатын зергерлік бұйымдар төрт міндетті атрибутқа ие болуы қажет: атаулы таңба, «Барыс басы» рәмізі бейнеленген және Қазақстан «KZ» халықаралық аббревиатурасы бар Қазақстан Республикасының бірыңғай таңба белгісі, уәкілетті ұйым берген сараптама қорытындысы және кедендік операциялар (кедендік декларациялау және кедендік ресімдеу) жасалғанға дейін ЕАЭО-ға кірмейтін елдерден Қазақстан Республикасының аумағына (аумағынан) бағалы металдар мен тастар импорттау (әкету) кезінде уәкілетті орган беретін мемлекеттік бақылау актісі. Алайда бизнес өкілдерінің пікірінше бұл қорғау шаралары жалған және контрабанда көлемін азайту үшін жеткіліксіз.

Нарық қатысушылары Қазақстанда зергерлік бұйымдарды цифрлық таңбалауды енгізу негізгі шешімдердің бірі болуы мүмкін деп санайды. Бұл сәйкестендіру әдісі тұтынушыға өндіруші, алтын үлгісі, асыл тастың сипаттамалары, өнімнің шыққан жері туралы барлық қажетті деректерді анықтауға көмектеседі, ал олар болмаған жағдайда дереу сауда нүктесін уәкілетті органдар тексеруге сұраныс жібереді. Осылайша, тұтынушы жалған ақпараттан қорғалады, ал нарық тұтастай алғанда ашық және өлшенетін болады, бұл оның одан әрі дамуына ықпал етеді.

Еске салайық, Қазақстан зергерлері лигасының мәліметі бойынша бүгінгі таңда зергерлік бұйымдар нарығының 90%-ы стандарты төмен немесе тестілеу мен брендтеу процедурасынан өтпеген контрафактілік және контрабандалық өнімдерден тұрады. Болжам бойынша, зергерлік бұйымдар нарығының «ақталуы» мемлекеттік бюджетті салық түрінде 40 миллиард теңгеге толтырады.

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін