Бірыңғай оператор тауарларды таңбалау және қадағалау тариф құнын негіздеп шықты

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
168
0 пікірлер

2023 жылғы 10 қаңтарда Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің алаңында мемлекеттік монополияға жатқызылған ерекше құқыққа ие Бірыңғай оператордың тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша қызметтерінің бағаларына сараптама жүргізу мақсатында қоғамдық тыңдаулар өтті. Талқылауға бизнес, қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
 


Қоғамдық тыңдаулар мемлекеттік монополия субъектісі көрсететін қызметтердің құнын бекітудің міндетті рәсімдерінің бірі болып табылады. 10 қаңтарда өткен қоғамдық тыңдауда олар қазіргі уақытта аяқ киімге, темекі бұйымдарына және дәрі-дәрмектерге қолданылатын міндетті цифрлық таңбалау қызметтерінің тарифін талқылады. Сонымен қатар, тыңдаулар барысында 2023 жылдың қыркүйегінде міндетті таңбалау енгізілетін тері бұйымдарды таңбалау кодының құны талқыланды. Тыңдауларды Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция вице-министрі Арман Шаққалиев жүргізді.
 

«Қоғамдық тыңдауларды өткізу қызметтерге баға жобасын қалыптастыру тәртібінің ашықтығын, сондай-ақ, тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор көрсететін қызметтерін тұтынушылардың мүдделерінің сақталуын көрсетеді», - деді Арман Шаққалиев.




Тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау бойынша бірыңғай оператордың өкілдері әрбір өнім тобы бойынша тарифке енгізілген шығындар құрамымен таныстырды. Бірыңғай таңбалау операторының қызметтеріне бағаларды қалыптастыру бойынша баға белгілеу ережелерінің талаптарына сәйкес құн әдісі арқылы жүзеге асырылады.

«Барлық өнім топтарына ортақ жеке операциялық және капиталды шығындар тиісті коэффициенттерді қолдану арқылы жасалған таңбалау кодтарының көлемдеріне пропорционалды түрде бөлінеді. Баға белгілеу қағидалары арнайы құқық субъектісінің қызметтерінің бағасына қосуға тыйым салынатын шығындардың тізбесін белгілейді, мұндай шығындар Бірыңғай таңбалау операторы қызметтерінің тарифтеріне кірмейді», - деді Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторының Жобалық кеңсесінің бас директоры Бикеш Құрманғалиева.


Қазіргі уақытта міндетті таңбалау кодының құны темекі мен аяқ киімге 2,68 теңге, дәрі-дәрмекке 2,40 теңге, теріге 1361 теңгені құрайды. Қоғамдық тыңдаулар барысында бірыңғай оператор тарифті қалыптастыруға байланысты барлық шығындарды негіздей отырып, цифрлық таңбалау кодының қолданыстағы құнын сақтап қалуды ұсынды.

Қоғамдық тыңдаулардың қорытындысы бойынша барлық материалдар Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес антимонополиялық орган – Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне жолданатын болады.
 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін