Қазақстанда тауарларды таңбалау және қадағалау тиімділігін бағалау жоспарлауда

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
19
0 пікірлер

ҚР Сауда және интеграция министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесін енгізудің тиімділігін бағалауға арналған жаңа әдістемені әзірледі.

Бұл құжат таңбалаудың нарықты «көлеңкелі» айналымнан арылтуға, контрафактілік және контрабандалық өнімдердің үлесін қысқартуға әсерін бағалауға бағытталған. Жаңа әдістеме таңбалау тетігінің адал емес кәсіпкерлерді нарықтан ығыстыруға, саудада ашықтықты қамтамасыз етуге қаншалықты ықпал ететінін нақты деректермен көрсетуге мүмкіндік береді.

Әдістеменің негізгі мақсаты — тек салықтық түсімдерді есепке алу ғана емес, таңбалау арқылы заңды айналымды арттырудағы нақты нәтижелерді жүйелі түрде өлшеу. Бұл — тұтынушылардың құқықтарын қорғау, әділетсіз бәсекелестікті жою, отандық өндірушілерге қолдау көрсету және кәсіпкерлік ортадағы әділдік пен сенімділікті қамтамасыз етудің құралы.

Тиімділік мынадай көрсеткіштер негізінде есептеледі: тәркіленген контрафакт пен контрабанданың құны, салықтық және кедендік түсімдердің өзгерісі, инфляция деңгейі. Мұндай жан-жақты тәсіл экономикалық және құқықтық нәтижелерді бір мезетте бағалауға жол ашады.

Әдістеме міндетті таңбалауға жататын барлық тауар топтарына қолданылады — жеңіл өнеркәсіптен бастап азық-түлік өнімдеріне дейін. Ол бизнеске қосымша әкімшілік ауыртпалық әкелмейді. Керісінше, адал кәсіпкерлердің мүддесін қорғап, ашық әрі тең бәсекелестік жағдайын қалыптастырады. Көлеңкелі нарық қысымының төмендеуі, тұтынушы сенімінің артуы — кәсіпкерлік орта үшін басты артықшылықтардың бірі.

Бүгінгі таңда әдістеме келесі тауар топтары бойынша пилоттық режимде сынақтан өтуде: сыра өнімдері, биологиялық белсенді қоспалар (ББҚ), мотор майлары, зергерлік бұйымдар, жануар өнімдер және жеңіл өнеркәсіп тауарлары.

Таңбалау жүйесінің бірыңғай операторы — «Қазақтелеком» АҚ. Ол таңбалау кодтарын генерациялау, техникалық сүйемелдеу, хостинг, ақпараттық қолдау және Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) елдерінің ұлттық операторларымен ақпараттық интеграцияны жүзеге асыру міндеттерін атқарады.

Жаңа әдістемені заңнамалық түрде бекіту мақсатында ҚР Сауда және интеграция министрлігі 2025 жылғы 12–26 мамыр аралығында «Тауарларды таңбалау және қадағалау құралдарының көмегімен енгізудің тиімділік көрсеткішін есептеу әдістемесін бекіту туралы» Бұйрық жобасын «Ашық НҚА» интернет-порталында жариялады (сілтеме: https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=15526629). 

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін