Алматы қаласында өндірушілерді, импорттаушыларды, дистрибьюторларды, дәріхана желілерін, маркетплейстерді, сондай-ақ цифрлық шешімдерді енгізуді қамтамасыз ететін техникалық интеграторларды қамтыған 80-нен астам бизнес өкілінің қатысуымен жұмыс кеңесі өтті. Биологиялық белсенді қоспалар айналымына қатысушыларға цифрлық таңбалау және қадағалау бойынша пилоттық жобаны іске асыру кезеңдері түсіндірілді.
Талқылау барысында пилоттық жобаны кезең-кезеңімен іске асыру және таңбалау жүйесін тауар өткізу тізбегінің барлық деңгейінде бірізді енгізу үшін келісілген тәсілдерді қалыптастыру мәселелері басты назарда болды. Айналымға қатысушыларға жобаның құқықтық және техникалық негіздері, интеграторлармен өзара әрекеттесу тәртібі, сондай-ақ пилоттық жобаға қосылу мерзімдері мен шарттары жөнінде толық ақпарат берілді.
ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің азық-түлік емес тауарларға арналған техникалық регламенттерді бақылау басқармасының басшысы Әйгерім Садубаева сынақ кезеңінде бизнестің қатысуының маңыздылығын атап өтті.
Кеңес сұрақ-жауап сессиясымен және техникалық мәселелерді талқылаумен аяқталды. Қатысушылар бұл бастамаға қолдау білдіріп, алдағы уақытта тығыз ынтымақтастыққа дайын екендіктерін растады.