Цифрлық таңбалау сүт өнімдерінің бөлшек сауда бағасына айтарлықтай әсер етпейді

ismet-ке шолу
Новость
0 пікірлер
506
0 пікірлер

Қазіргі уақытта Қазақстанда сүт өнімдерін цифрлық таңбалауды енгізу бойынша пилоттық жоба іске асырылуда. Пилоттық жоба аясында Цифрлық экономиканы дамыту орталығы өнімді таңбалау үшін бизнестің болжамды шығындар есебін жасады.

Пилоттық жобаға 7 қазақстандық өндіруші қатысуда, осы кәсіпорындарда өнімді таңбалау процесі сынақтан өткізілуде.

Жоба шеңберінде жабдыққа арналған шығындарға есептеу жүргізілді. Атап айтқанда, бір желі үшін таңбалау жабдықтарының құны кәсіпорын мен өнімнің көлеміне байланысты 0,5 млн теңгеден 9,2 млн теңгеге дейін өзгеріп отырады.

«Өндірушілермен кез келген жағдайда мерзімді түрде жүргізіліп отыратын өндірістік желілерді жаңғырту жөнінде сөз болып отырғанын түсінуіміз керек. Бұл жағдайда компаниялар қаптамаға цифрлық таңбалау кодын қолдануға мүмкіндік беретін жабдықты сатып алуы қажет. Яғни, қосымша жабдықты сатып алу өнімнің түпкілікті құнының қымбаттауына әрдайым әкелетіні шарт емес. Өнімнің түпкілікті бағасындағы жабдық шығындарының үлесі әдетте 0,06-дан 0,15%-ға дейін болады. Бөлшек сауда бағасына әсер ететін факторлар көп. Соңғы 5 жылда сүт өнімдері құнының орташа жылдық өсу қарқыны таңбалаусыз 6-дан 13%-ға дейін болды. Бұл бағаның тұрақты өсу тенденциясын айқындайды, сондықтан тауарларды таңбалау мен қадағалауды енгізу өнімнің түпкілікті құнына айтарлықтай әсер етпейді. Бұл ретте тұтынушы өнімнің шығарылуына және жарамдылық мерзімдеріне сенімділік түрінде елеулі пайдаға ие болады», - деп түсіндірді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының басқарушы директоры Олжас Бектұров.

Сондай-ақ, сүт өнімдерін өндірушілер үшін таңбалау жабдықтарына және кодтарға тапсырыс беруге жұмсалатын шығындардың 50%-на дейін өтемақыны қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін мемлекеттік қолдау шаралары көзделетін болады.

Шағын өндіріске арналған тағы бір нұсқа – өндірістік желіге таңбалау кодтарын орнату бойынша жабдықтарын орнатпай, кодты баспахана арқылы орнатуға тапсырыс беру. Бұл жағдайда таңбалау шығындары тағы 2,5-4 есеге азаяды.

Бөлшек сауда нүктелеріне келетін болсақ, олар Data Matrix кодымен белгіленген өнімдерді сканерлеу үшін 2D сканерлерімен жабдықталған. Өткен жылы темекі өнімдеріне міндетті цифрлық таңбалау енгізіліп, бөлшек сауда дүкендері таңбаланған өнімдермен жұмыс істеп келеді.

Бұл ретте таңбалауды енгізудің бастапқы кезеңіндегі бизнес шығындарына қарамастан, орта мерзімді және ұзақ мерзімді перспективада таңбалау жүйесі елеулі пайда әкеледі.

«Біріншіден, цифрлық таңбалау арқылы біз жосықсыз бәсекелестіктің алдын алып, тұтынушыға тауардың түпнұсқалығын растауға мүмкіндік береміз. Сонымен қатар, тауарлардың қозғалысын есепке алу рәсімдері стандартталып, біріздендіріледі. Таңбалау арқылы біз сүт өнімдерінің өндірушіден бөлшек сауда дүкеніне жетуін қадағалауды қамтамасыз етеміз, бұл өз кезегінде өндірушілерге де, мемлекетке де белгілі өңірде нақты өнімге сұранысты және өндірісті жоспарлауды қамтамасыз етеді», - дейді Олжас Бектұров.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда темекі мен тері өнімдерін міндетті цифрлық таңбалау енгізілді. 2021 жылғы 1 шілдеде аяқ киімнің міндетті цифрлық таңбалануы енгізілетін болады. Сондай-ақ, қазіргі уақытта дәрілік препараттарды, алкоголь өнімдерін, жеңіл өнеркәсіп тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске асырылуда.

 

 

Баспасөз қызметі

Цифрлық экономиканы дамыту орталығы

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін