1 шілдеден бастап Қазақстанда аяқ киімге міндетті цифрлық таңбалау енгізіледі. Нарықтағы жаңа жұмыс ережелеріне тап болатын кәсіпкерлерге қолдау көрсету мақсатында қазіргі уақытта «жедел желі» жұмыс істеуде.
Байланыс орталығында бірнеше ауысымда 20 оператор жұмыс істеп жатыр. Олар 3 қолдау желісіне сәйкес өтініштерді тіркеп, жауап береді. «Жедел желіге» қоңырау шалып, кәсіпкер жалпы мәселелер шеңберінде тауарларды таңбалау және қадағалау бойынша кеңес, сондай-ақ қажет болған кезде жекелеген тауар топтарын таңбалау мәселелері бойынша маманданған сарапшылардан егжей-тегжейлі түсініктеме ала алады. Жүйеде тіркелуге, құжаттарды ресімдеуге, қалыптастыруға, жөнелтуге байланысты мәселелер туындаған жағдайда өтініш техникалық қолдау желісіне жіберіледі.
Цифрлық таңбалау бойынша «жедел желі» өз жұмысын 2020 жылдың тамыз айында – темекі өнімдерін міндетті цифрлық таңбалауға дейін екі ай бұрын бастады. Байланыс орталығына қыркүйектен желтоқсанға дейін ең көп өтініш келіп түскен. Бұл бизнестің темекі нарығындағы жаңа жұмыс жағдайларына бейімделу кезеңі болған, осыған байланысты көптеген сұрақтар туындады. Цифрлық таңбалау бойынша байланыс орталығы 9 ай ішінде 10 мыңнан астам өтінішті өңдеп үлгерді. «Жедел желі» тәулік бойы, аптасына жеті күн жұмыс істейді. Жұмыстың нағыз қызған шағында тәулігіне 300-ге дейін өтініштерді өңдеген.
«1 шілдеден бастап аяқ киім тауарларын міндетті таңбалау енгізілуіне байланысты маусым-шілде айларында біз аяқ киім нарығына қатысушылар тарапынан өтініштер санының өсуін күтудеміз. Кеңесшілеріміз бизнеске барынша жедел түсініктеме, кеңес беруге дайын, - дейді Цифрлық экономиканы дамыту орталығының техникалық директоры Гүлжан Қонқашева. - Орташа алғанда кеңес беру сипатындағы сұрақтарға клиент жүгінген сәтте 5-10 минут ішінде жауап алады. Егер мәселені егжей-тегжейлі зерделеу қажет болса, ең ұзақ дегенде жауап беру уақыты 24 сағаттан аспайды. Қалай болғанда да, жүгінген әрбір адам қойылған сұраққа толыққанды жауап алады. Бұл байланыс орталығы жұмысының басты ережесі», - деп хабарлайды Гүлжан Қонқашева.
Айта кетсек, байланыс орталығы кәсіпкерлерден өтінімдерді телефон арқылы, сондай-ақ электрондық мекенжай және Тауарларды таңбалаудың және қадағалаудың ақпараттық жүйесінің веб-интерфейсі арқылы қабылдайды. Операторлар тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау мәселелері бойынша үнемі оқытудан өтеді.
Қазіргі уақытта байланыс орталығын кеңейту және қызмет көрсетудің омниканалды моделін дамыту қарастырылуда. Бұл шара, әсіресе, 2022 жылы елімізде тауарлардың өзге топтарына міндетті цифрлық таңбалау енгізілетін кезде өзекті болмақ.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда өткен жылдың қазан айында темекі өнімдерін міндетті таңбалау енгізілді. Қазіргі уақытта фармацевтикалық препараттарды, алкоголь және сүт өнімдерін цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобалар жүзеге асырылуда. Таңбалаудың басты мақсаты тұтынушыларды контрафактілік және жалған өнімдерден қорғау болып табылады. Сонымен қатар, цифрлық таңбалау бизнеске өнімділікті арттыруға, логистикалық схемаларды жетілдіруге және нарық үлесін арттыруға мүмкіндік береді.
Баспасөз қызметі
Цифрлық экономиканы дамыту орталығы