Бірыңғай цифрлық таңбалау операторы жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының бірлестігімен ынтымақтастықты бастады

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
4
0 пікірлер

Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы QazTextileIndustry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжаттың басты мақсаты – жеңіл өнеркәсіпті цифрландыру, нормативтік базаны жетілдіру, бірлескен бастамаларды іске асыру және экспортқа бағытталған кәсіпорындарды қолдау.

Бірыңғай таңбалау операторының бас директоры Бикеш Құрманғалиеваның айтуынша, меморандум аясындағы жұмыс нарықтағы ашықтықты арттырып, көлеңкелі өнім көлемін азайтуға және саланың цифрлық трансформациясын жеделдетуге жол ашады.   

«Бүгінде жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары нарықтағы бәсекелестіктен бастап халықаралық стандарттарға сәйкестікке дейінгі жаңа сын-тегеуріндерге тап болуда. Бұл меморандум – ашық, цифрлық және бәсекеге қабілетті жеңіл өнеркәсіп қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Біз QazTextileIndustry-мен бірге бизнестің технологиялық тұрғыдан дамуына және бәсекелестік артықшылығын нығайтуға көмектесетін озық шешімдерді енгізетін боламыз», – деп атап өтті Бикеш Құрманғалиева құжатқа қол қою барысында.

Серіктестік аясында тәжірибемен алмасып, кәсіпорындар үшін бірыңғай цифрлық экожүйе қалыптастыру, жеткізу тізбегін тиімді басқару стандарттарын әзірлеу және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасау жоспарлануда. 

«Таңбалау жүйесін енгізу – Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін цифрлық жаңғыртуға жасалған маңызды қадам. Таңбалау – жеткізу тізбегінің барлық кезеңдеріндегі ашықтықты арттырып, контрафактімен күресуге көмектеседі және отандық өнімге тұтынушылар сенімін күшейтеді. Кәсіпорындар үшін бұл жай міндет емес, тауар айналымын басқаруды жақсартумен нарықтарға шығуға жаңа мүмкіндіктер ашатын құрал деп саналады. Біз, салалық бірлестік, мұндай цифрлық шешімдер – заманауи, бәсекеге қабілетті және тұрақты жеңіл өнеркәсіптің негізі деп сенеміз», – деп бөлісті QazTextileIndustry жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының Ұлттық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Уахитова.


Бірлескен жұмыс аясында  тауар айналымына қатысушылар үшін оқу іс-шаралары, сондай-ақ таңбалау мен қадағалау жүйесін енгізудің барлық кезеңдерінде кәсіпорындарға сараптамалық және әдістемелік қолдау көрсету қарастырылған. Бұл бизнестің жаңа талаптарға тез бейімделуіне, өзгерістерге кететін шығындарды азайтуға және өндіріс пен жеткізу процестерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, жеңіл өнеркәсіп Қазақстандағы маңызды шикізаттық емес салалардың бірі болып табылады. Ел аумағында 1,5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Таңбалау мен қадағалау сияқты цифрлық құралдарды енгізу – саланы жаңғыртудағы маңызды қадам, бұл отандық өнімге деген сенімді күшейтіп, ішкі және сыртқы нарықтардағы позициясын нығайтады.

 

Анықтама: Tañba Бірыңғай таңбалау және қадағалау операторы – Қазақстанда міндетті таңбалау және қадағалау жүйесін енгізу және қолдау жөніндегі мемлекеттік уәкілетті ұйым. Қазіргі уақытта міндетті таңбалау үш тауар тобына енгізілген: аяқ киім, темекі өнімдері және дәрілік препараттар.

QazTextileIndustry – жеңіл өнеркәсіп саласындағы заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлерді біріктіретін өзін-өзі реттейтін ұйым. Бірлестіктің мақсаты – саланың дамуы үшін қолайлы жағдай жасау, отандық өндірушілерді қолдау және өнімді ішкі әрі сыртқы нарықтарда ілгерілету. 

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін