«Ақ жол» партиясы фракциясы кезекті отырысының күн тәртібіндегі тармақтардың бірі Қазақстанда тауарларды цифрлық таңбалау мәселелерін талқылауға арналды. Бизнес сұрақтарына салалық қауымдастықтар, өңірлік кәсіпкерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, елдегі Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың бірыңғай операторы жауап берді.
Негізінен кәсіпкерлер тарапынан республикада өткен жылдың қараша айынан бастап енгізілген аяқ киімді цифрлық таңбалау бойынша сұрақтар қойылды. Цифрлық экономиканы дамыту орталығының бас директоры (ҚР-дағы таңбалаудың бірыңғай операторы) Бикеш Құрманғалиева бизнес тарапынан қойылған сұрақтарға толық жауап берді.
«Нарық қатысушыларымен тиімді кері байланыс орнату – таңбалау операторы ретіндегі біздің басты міндеттеріміздің бірі. Нәтижесінде, бүгін осындай кездесулер мен талқылаулардың қорытындысы бойынша біз аяқ киімді таңбалаудағы бірқатар тармақтарды оңтайландыруға келдік. Атап айтқанда, қазір аяқ киім салмақ өлшемдік сипаттамалары мен фотоконтенттің толтыруға қойылатын міндетті талаптар толығымен жойылды. Бұл бизнестің ұсынысы болды, біз оны жүзеге асырдық, бұл таңбалау процесін әлдеқайда жеңілдетті. Ал қалдықтарды таңбалау үшін минималды атрибутивтік құрам ғана қалды», - деп атап өтті компания басшысы.
Сонымен қатар, оның айтуынша, шағын бизнесті қолдау үшін осы жылдың 1 наурызынан бастап оператор қалдықтарды тегін таңбалау бойынша акцияны бастайды. Қатысу үшін өтінімдер 2022 жылдың 1 маусымына дейін қабылданады. Кәсіпкерлер акция аясында тегін эмиссия мен таңбалау кодтарын тегін алады.
«Сондай-ақ, импорттаушыларға жәрдемдесу үшін Ресей мен Беларусьпен таңбалау кодтарын өзара тану жүзеге асырылды. Демек, қосымша таңбалаудың қажеті жоқ. Бүгінгі таңда осы елдермен 188 мың код танылған. Біз өткізетін вебинарлар кезінде оларды қызықтыратын барлық мәселелерді бизнеспен пысықтауды жалғастыруға дайынбыз», - деп атап өтті Бикеш Құрманғалиева.
ҚР СжИМ Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Арман Әбенов кәсіпкерлердің мәселелерін бірлесіп шешуге дайындығын білдірді.
«Еркін және кедергісіз сауда еуразиялық интеграцияның басты бағыты болып табылады. 2019 жылы елімізде алғаш рет тері бұйымдарына таңбалау енгізілді, қазір біз нарықта оң әсерлерді көріп отырмыз. Тауарларды таңбалау бойынша барлық шешімдер «Атамекен» ҰКП келісім бойынша қабылданады, әрбір кәсіпкер талқылауға қатыса алады. Нарыққа реттеушілік әсерді талдау міндетті түрде жүргізіледі. Жалпы, нарықтағы тәртіпті орнату цифрландыру үдерістерімен тікелей байланысты», - деді комитет басшысы.
«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев Қазақстанда цифрлық таңбалау жобасын іске асыру үшін ЕАЭО елдері деңгейінде қол қойылған келісім негіз болып табылатынын атап өтті. Осыған байланысты «онымен есептеспеуге болмайды», - деп атап өтті «Ақ жол» партиясының төрағасы.
«Әрине, бұл жерде кәсіпкерлердің мүдделері мен пікірлерін ескеру маңызды, бизнеспен бірге барлық процестерді жетілдіру қажет. Партия өз кезегінде жауапты ведомстволармен бірлесіп бизнес мәселелерін пысықтап, зерттейтін болады», - деп түйіндеді Азат Перуашев.
Кездесу қорытындысы бойынша кәсіпкерлердің барлық мәселелері мен ұсыныстары хаттамаланып, қарастыру үшін қабылданды.