Қазақстанда тұрмыстық химия тауарларын таңбалау бойынша пилоттық жоба талқыланды

ismet-ке шолу
Мақала
0 пікірлер
37
0 пікірлер

Tanba бірыңғай таңбалау операторы мен «Атамекен» ҰКП өкілдері қазақстандық кәсіпкерлермен кездесу өткізіп, тұрмыстық химия тауарларын цифрлық таңбалау бойынша пилоттық жобаның негізгі сұрақтарын талқылады.

Пилоттық жоба тұрмыстық химия өнімдерінің міндетті таңбалануы енгізілген жағдайда бизнестің жүктемесін барынша азайтуға бағытталған.

Tanba бірыңғай операторы пилоттық кезеңде қатысушыларды тұрмыстық химия тауарларын таңбалау үшін қажетті жабдықтармен тегін қамтамасыз етіп, оларды орнатып, іске қосуға көмектеседі. Осылайша, пилоттық жоба бизнеске жүйені ақысыз сынақтан өткізіп, өз процестерін бейімдеуге, сондай-ақ міндетті таңбалау енгізілгенге дейін ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді.

«Пилоттық жоба аясында таңбалаудың тиімділігі емес, оның техникалық іске асырылуы бағаланады: таңбалау әдістері, бизнес-процестерге интеграциясы және операциялық қызметке ықтимал өзгерістер. Бұл болашақта таңбалауға бейімделу бизнестің жұмысына барынша аз әсер етуі үшін жасалып отыр», – деп атап өтті Тауарларды таңбалау департаментінің директоры Нұрлыбек Исабеков.

Оның айтуынша, тауарларды таңбалау – нарықтың ашықтығын қамтамасыз етіп, бизнесті контрафакт өнімдерден қорғауға бағытталған маңызды қадам. Кәсіпорындар үшін бұл адал бәсекелестік құралы ғана емес, сонымен қатар сенімді аналитикалық деректер алу және цифрлық сервистер арқылы тұтынушылармен тікелей байланыс орнату мүмкіндігі.

Тұрмыстық химия тауарларын сатумен айналысатын кәсіпкерлер пилоттық жобаға қатысудың артықшылықтарымен танысып, оған қызығушылық танытты. Талқылау барысында олар таңбалаудың техникалық ерекшеліктері, болашақтағы ықтимал шығындары және оның бизнес-процестерге әсері туралы сұрақтарды қойды.

Бүгінгі таңда үш өнім тобына міндетті таңбалау енгізілді: аяқ киім, темекі бұйымдары және дәрі-дәрмек. Ал келесі өнім топтары үшін таңбалау бойынша пилоттық жобалар іске қосылды: мотор майлары, сыра қайнату өнімдері, зергерлік бұйымдар.
 

 

Осы жаңалықпен бөлісіңіз:
Пікірлер
Авторланыңыз, Пікір қалдыру үшін